Желшешек
Желшешек дегеніміз - баланың терісінде, шырышты қабықтарында көпіршік тәріздес лимфаға толы бөртпе шығып, кейіннен бұл бөртпелер кеуіп, орнында қабықшалардың қалуымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру.
Қоздырғышы – сүзілмелі (фильтрленуші) вирус, қоршаған ортада төзімсіз, бірақ өте ұшпа, ауамен алысқа және тез тарайды.
Аурудың көзі – ауру адам. Таралу жолдары – ауа – сілекей жолы.
Клиникалық белгілері: Жасырын кезең орта есеппен 14 күн, бірақ кейде 21 күнге созылуы мүмкін. Бастапқы кезеңі көбінесе байқалмай өтеді. Ауру жедел басталады. Баланың дене қызуының көтерілуімен қатар бетінде, басында (шаш өскен жерінде), аяқ – қолында, шырышты қабықтарында желшешектің бөртпесі пайда болады. Бөртпе алақан мен табанға ғана шықпайды. Бастапқыда бөртпе терінің үстіне көтерілген қызыл дақ болып шығады, сосын түйінге айналады, біраздан кейін түйіндердің ішіне су жиналып, көпіршік пайда болады. 1-2 күннен кейін көпіршік құрғап, қабыршақтанады. Бөртпенің шығуына байланысты денесі қышып, ауру мазасызданады. Аурудың өрістеу кезеңінде желшешектің бөртпесі полиморфизмдікпен сипатталады. Терінің бір жерінде қызыл дақтарды, түйіндерді, көпіршіктерді, қабыршақтарды көруге болады. Өрістеу кезеңі 5 күнге дейін созылады. Содан кейін бөртпенің шығуы тоқталып, 1 – 2 аптаның ішінде баланың денесі қабыршақтан тазалана бастайды.
Асқынуы: Стоматит, ларингит, менингит, пневмония, терінің іріңді жарасы.
Емдеу және күтімі: Бала үйде емделеді. Күн тәртібі жалпы жағдайына байланысты. Диета жасына сәйкес, ащы, қатты, қышқыл тағамдарды бермеген дұрыс. Тамақтанғаннан кейін аузын шайдырып немесе су ішкізіп жіберу керек. Гигиеналық ережелерді қатаң сақтау керек: баланың тырнақтарын қысқартып алып тастау керек, баланың киімін, төсек орнының тазалығын бақылау.
Ақтау қаласындағы медицина колледжі
«Балалар аурулары» пәнінің оқытушысы Смайлова З. Қ.